Ертай Қуанышовтың блогы

Мен пайдалы ақпараттарды білем, сен де біліп ал

           Бұл қызықты

Копирайтинг: кепілдік беру туралы #2

Ассалаумағалейкум, құрметті достар!

Бүгін копирайтинг тақырыбын әрі қарай жалғастырамыз. Кез-келген жарнамалық мәтіннің негізгі қызметі, клиент тарту, сондықтан оның максималды түрде жақсы шығуы өте маңызды екенін, сіз де білетін шығарсыз?

Дәл қазір, осы жарнамалық мәтіннің сапасын арттыруға көмектесетін, тағы бір элемент – кепілдік беру туралы сөз қозғаймыз.

Бұл дегеніміз жарнамалық мәтінде жазылған қызмет түріне немесе тауарға кепілдік беру арқылы, көбірек назарын аударту. Мысалы: егер сізге ұнамаса, ақшаңызды 100% қайтарып береміз немесе ұнамаса, тауарды қайтарып беріңіз және біз сізге ақшаңызды 100% қайтарамыз. Шамасы бұндай сөздерді де, жарнамалық мәтіндерді де көрген боласыз? Бұларды әсіресе медиа жарнамада көбірек естиміз.

Кепілдік – тауарға байланысты өзгеріп отырады. Мысалы консалтингтік қызмет көрсететін компанияларда, мынадай қолданылуы мүмкін: егер біздің кеңесімізден кейін, табысыңыз 2 есе артпаса, біз сізге ақшаңызды қайтарып береміз.  Ал тауар болатын болса, жоғарыда айтып кеткенімдей, ұнамаса қайтарып береміз — деп жазуға да болады.

Кепілдік жасаудан қорқудың керегі жоқ, кейбір адамдар ойлайды егер, ұнамаса ақшаңызды қайтарып беремін деген кепілдік жасасам, сондай арам ойлы адамдар шығып, пайдаланып кетеді деп. Бірақ әсте олай емес, сізден бірнеше мың адам сатып алатын болса, әрі кетсе 3-4% қайтарып беруі мүмкін.

Себебі адамдар, ұнамай қалған жағдайда да қайтарып бермейді және екіншіден көбі оны жасауға ұялады. Мысалы 3 жыл кепілдігі бар диванды сатып алатын болсаңыз, 2 жылдан кейін бұзылып қалса, қайтарып бересіз бе? Әй қайдам, бет қайда оған!

Жарайды, енді кепілдікті қалай жасауға болады, сол жақтарын қарастырайық?

Нәтижеге кепілдік беру

Бұл өте жақсы жұмыс жасайды, біз бұған жоғарыда мысал келтірген болатынбыз. Мысалы былай істеуге болады: Егер біздің домбыра курсынан қатысқаннан кейін, 1 айдың ішінде, 3 күйді үйрете алмасақ, ақшаңызды қайтарып береміз.

Ал енді тауарға былай жасауға болады: егер біздің пешті сатып алғаннан кейін, үйіңізді жылытпайтын болса, біз сізге ақшаңызды қайтарып береміз.

Сайт ашу қызметі болса: біз сізге ландинг сайтты жасап береміз, егер күніне 3 тапсырыстан аз түсетін болса, ақшаңызды қайтарып береміз.

Нәтижеге жұмыс жасайтын кепілдікті осылай қолдануға болады.

Уақытқа кепілдік беру

Бұны енді, кейбір жағдайда қолдануға болады, мысалы жүк тасымалдау қызметімен компанияларда, кепілдік беру қажет болса, былай жазуға болады: егер жүгіңізді 5 күнде жеткізе алмасақ, ақшаңызды қайтарып береміз.

Ұзақ уақытқа жасалған кепілдік

Бұл тәсіл көп жерлерде қолданылады. Мысалы кейбір дүкендер, өз тауарына 10 жылға дейін кепілдік береді. Ал кейбіреулері 15 — 20 күнге ғана кепілдік береді. Ұзақ уақыт кепілдік беру, қысқа уақыт қарағанда жақсы және бұл қайтарып беретіндер санын азайтады. Негізі көбіміз керісінше ойлаймыз, қайтарып бермесін деп аз уақытқа ғана кепілдік беретіндер бар. Мысалы: тауарға 20 күн кепілдік. Негізі 5 жыл деп жаза салуға да болады.

Егер аз уақытқа кепілдік жасайтын болсаңыз, оны алған адам қайтарып бере салуы мүмкін, себебі арадан ұзақ уақыт өткен жоқ. Ал ұзақ уақытқа жасалған болса, 3-4 жылдан кейін қайтарып бермейтініне сенімдімін.

Мысалы: Диванға 5 жыл кепілдік береміз, оған дейін бұзылып қалса ақшаңызды қайтарымыз.

Ессіз кепілдік

Негізі өзім солай атадым. Бұл былай жұмыс істейді, мысалы: сізге тауарымыз ұнамаса, ақшаңызды 2 есе қылып қайтарып береміз. Таң қалмаңыз, бұлай жасайтындар да бар.

Бірақ барлық жағдайда келе бермейді. Егер тауардың бағасы арзан болса, бұдан бас тартудың керегі жоқ және бәрі қайтарып бергісі келе бермейтінін ескеріңіз. Мысалы базарда қауын-қарбыз сатумен айналысатындарға, осылай жасауға болады: егер ұнамаса ақшаңызды 2 есе қайтарып береміз. 3-4 есе деп жазуға да болады. Өзіңіз ойлап көріңіз, кім сатып алып, үйіне апарып кесіп дәмін көргеннен кейін, оны қайтарып әкеліп: “Әй братан, мә қарбызың, 2000 теңгеге алып едім, 4000 теңге бере ғой” – деп айтады. Болу ықтималдылығы өте төмен.

Бүгінше осы, келесі жазбада кездескенше.

P.S Өз пікіріңізді жазып қалдырыңыз.

Копирайтинг: кепілдік беру туралы #2
5 (100%) 1 vote

Өз пікіріңізді білдіріңіз

Бірінші пікірңізді, жазыңыз.

avatar