Ертай Қуанышовтың блогы

Мен пайдалы ақпараттарды білем, сен де біліп ал

Бағдарлама жасауды неден бастап үйренген дұрыс немесе мен қалай үйрендім?

Сәлем, достар.

Егер менің өткен жазбаларымды оқып жүрген болсаңыз, менің бағдарлама жазумен айналысатынымды білетін шығарсыз. Қысқаша тарихымды осы жерде айтып өткен болатынмын.

Бағдарламашылар қазіргі уақытта үлкен сұранысқа ие мамандардың бірі және қалаған адам оны өзі үйрене алады. Ал сіз менің бағдарлама жазуды неден бастап үйренгенімді білгіңіз келе ме? Ендеше айтып өтейін.

Мен 16 жасымнан бастап, әртүрлі бағдарламалау тілдерімен айналыстым. Алғашқы бағдарламашы жолын, әртүрлі онлайн конструкторлар арқылы, сайт жасаудан бастадым.

Әртүрлі онлайн сервистер арқылы сайт жасауға болады, қысқысын айтатын болсам, осы арқылы сайт ашу үшін ешқандай бағдарламашы болудың керегі жоқ.

Одан кейін html деп аталатын сайт жасау тілімен айналыстым, бұның негізі ешқандай қиындығы жоқ. Кез-келген сайт бірінші кезекте осы арқылы құралады. Егер жақсы сайт жасауды үйренгіңіз келсе осы тілден бастаңыз.

Одан кейінгі нелерді оқығанымды айтудың керегі жоқ, себебі мен ол туралы жоғарыда көрсеткен сілтемеде жазып өткен болатынмын.

Дәл қазір Java сияқты күрделі тілдермен айналысып жүрмін, бұл өте әмбебап бағдарламалау тілі, сондықтан сайтты да, компьютерлік бағдарламаларды, сонымен қоса мобильді қосымшаларды жазуға да болады.

Бірақ бұл жаңадан бастаушыға қиын болуы мүмкін, дегенмен анық айту қиын, себебі әркім әртүрлі деңгейде қабылдайды.

Бағдарламалау тілдерін үйренуде менің басты ұстазым болған – ғаламтор. Дәлірек айтатын болсақ, ғаламтордағы әртүрлі видео сабақтар, кітаптар, мақалалар және сұрақ – жауап сайттары.

Тек бағдарламашыларға ғана арналған танымал деген сұрақ-жауап сайттары бар. Қандай да бір мәселені шеше алмаған жағдайда осындай сайттарға жүгінуге болады, бірақ өз басым жиі сұрақ жолдаймын деп айта алмайтын.

Жаңадан бастаушылар болатын болса, жалпы бағдарламалау принципін түсіну үшін, Pascal сияқты тілдермен айналысып қараса болады, бұны мектеп оқулықтарына да қосқан болатын.

Тағы да екінші нұсқа ретінде, codeo.org сайтын ұсынамын. Бұның негізгі мақсаты арнайы ойындар арқылы бағдарламалауды үйрету.

Сайтта өтіп қарайтын болсаңыз 6, 7 тіпті одан да кіші жастағы балалардың жасаған дүниелерін көре аласыз. Егер сіздің балаңыз болатын болса, әртүрлі пайдасыз ойындарды ойнағанша, осы сайт арқылы бағдарламалауды үйренетін болса, ойлау жүйесін арттырады. Мейілінше ерте жастан осындай сайттарға жақын ұстаған дұрыс, себебі бағдарламалауға басы жеткен адам, біраз дүниеге қол жеткізе алады.

Жаңадан бастаушыларға тағы бір кеңес, тәжірибе жүзінде көбірек жаттығу керек, теория деген аз болғаны дұрыс. Себебі ақпарат мида жақсы сақталады. Ал теория түрінде қарайтын болсаңыз, біраз уақыттан кейін оны ұмытып қаласыз, тіпті түсінбей қаласыз.

Анекдот

Баласы, бағдарламашы болып жұмыс жасайтын әкесін сұрап жатыр дейді:

Әке, менің дәптерім қайда?

— Балам, менің қолым бос емес, Google – дан сұрашы.

 

Сұрап жатыр:

— Сен қайда оқыдың?

— Мен Америкада бағдарламашыны қызыл дипломға бітіріп шықтым және мықты бағдарламашымын.

— Ааа, мықты бағдарламашы болсаң жүр, компьютер көтерісіп жібер.

Келесі жазбада кездескенше.

Өз пікіріңізді білдіріңіз

avatar