Ертай Қуанышовтың блогы

Мен пайдалы ақпараттарды білем, сен де біліп ал

Копирайтинг: дедлайнды қалай қолданамыз?

Ассалаумағалейкум, құрметті достар, менің атым – Ертай Қуанышов. Соңғы жазбаларда копирайтинг туралы біраз ақпараттар жазған болатынмын, байқап қарасам бұған қызығушылық жақсы, сондықтан тақырыпты әрі қарай жалғастырғанды дұрыс көрдім.

Дедлайн деген болады, бұл дегеніміз белгілі бір дүниеге шектеу қою. Мысалы осы жұмысты мен 50 минутта істеуім керек деп, мақсат қойсаңыз бұл да дедлайн болып есептеледі.

Дедлайн тек уақытпен ғана емес, санмен де қойылады.

Сатылым саласы болсын, қызмет көрсету сияқты салалар болсын, қажет кезінде дедлайнды қолдануға болады.

Түсінікті болуы үшін бірнеше мысал келтірейін:

“Қаңтардың 18 мен 23 — ші аралығында, алғашқы 25 сатып алушыға  50% жеңілдік.”

“Алғашқы 10 сатып алушыға, 50% жеңілдік және 3000 теңгелік купон”

“Қаңтардың 10 мен 14 – і аралығында, алғашқы 20 сатып алушыға, 36% жеңілдік және шаңсорғыш сыйлыққа”.

Бұндай мысалдардан кейін, түсінген боларсыз деген ойдамын. Бұл жерде біз белгілі бір тауарға, белгілі бір уақыт аралығында ғана жеңілдік жасадық және санмен қанша адамға дейін жеңілдік жасалатынын жазып қойдық.

Бұл жерде бастысы, жеңілдікке уақыт белгілеу. Кейбіреулер болады, жыл он екі ай, бойы 30-40% жеңілдік деп жазып қояды, алғашқы уақытта бұл адам тартуы мүмкін, бірақ одан кейін бұл қызықсыз болып қалады, сондықтан уақытша болғаны дұрыс, оның үстіне көп уақыт жеңілдік болса, ол өтірік деген ой қалыптасып қалады.

Егер қанша адамға дейін, жеңілдік барып жазып қоятын болсаңыз, бұл жылдам жұмыс жасайды, себебі бұндай кезде, оны көрген адамда үлгермей қалуым мүмкін деген қорқыныш пайда болады. Сондықтан тездетіп алып қалуға тырысады.

Тағы бір айта кететін жайт, адамдар мынадай қателікті көп жібереді, мысалы сізде жеңілдік тек 10 мен 20 аралығында деп жазулы тұр, ал сізге біреу 21 – і күні хабарласып: “Дәл қазір аламын, алдында үлгермей қалып едім, сол жеңілдікпен бер” – десе не дейсіз? Көбі келісе салады, негізі бұл дұрыс емес! Егер олай жасайтын болсаңыз, ол адам белгіленген уақыттың тек құр дүние екен деп ойлап, келесіде де солай жасауы мүмкін немесе келесіде жеңілдікті қолданбайды. Сондықтан олай хабарласқан кезде, айтасыз: “Кешіріңіз жеңілдік кеше аяқталды, дәл қазір ондай бағада сатылмайды, келесі жеңілдікті күтіңіз немесе осы бағада алуды ұсынамын”.

Егер осылай айтатын болсаңыз, ол келесіде жеңілдікті қолданып қалуға тырысады.

Дедлайнның тағы бір жақсы жұмыс жасайтын түрі бар, ол мынадай:

“Қаңтар айының, 6 мен 10 аралығында, 50% жеңілдік, 11 мен 15 аралығында 30% жеңілдік, 16 мен 20 аралығында 10% жеңілдік”.

Көріп тұрғанымыздай, уақыт өскен сайын, жеңілдік те төмендей түседі, бұны көрген адамдар тездетіп алып қалуға тырысады. Бұл да өте тиімді жұмыс жасайды.

Егер адам санына шектеу қоятын болсаңыз, мысалы алғашқы 10 адамға, осынша жеңілдік деп жарияласаңыз, онда қаншасы қалғанын жазып қою да тиімді нәтиже береді. Мысал келтіретін болсақ, алғашқы 10 адамға деп қойсаңыз, одан кейін 3 адам алатын болса, 7 – і қалды деп жазасыз. Бұл тәсіл әсіресе сайттарда қолданылады, өзіңіз де байқаған боларсыз.

Ондай сайттарға кері таймер, орнатып қоюға да болады, бұл жеңілдіктің аяқталуына қанша уақыт қалғанын ескертіп тұрады.

Осындай сатылым трюктерін, қолданған кезде мейілінше тұтынушы құқығын сақтаған дұрыс, мысалы кейбіреулер 10 мыңдық затты, 20 мың деп 50% жеңілдік жасайды, бұл жұмыс жасауы мүмкін, бірақ адамдар да ақымақ емес, оларда ненің қай жерде, қанша тұратынынан хабардар, бұл сіздің репутацияңызға кері әсер етеді.

Анекдот:

— Бауырым, қалай жағдай?

— Жақсы, өзің қалайсың? Ооо!, iPhone алғансың ба?

— Иә, кеше 200 мың деп тұр екен, 50% жеңілдік деп жазылып тұрғасын, 100 мыңға алдым.

— Өткенде, мен көрген кезде, жеңілдіксіз 100 мың деп тұр, еді!

Бүгінше осы, келесіде тағы да копирайтинг туралы жазба болады, келесі кездескенше.

Өз пікіріңізді білдіріңіз

avatar